Аймақтар • 08 Шілде, 2017

Елорда күніне орай Ақтөбеде жаңа өндіріс орындары іске қосылды

287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбеде елорда күнін мерекелеу аясында бірқатар жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Кəсіпорындардың ашылу салтанатына облыс əкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Елорда күніне орай Ақтөбеде жаңа өндіріс орындары іске қосылды

Сондай жобалардың бірі «Ақтөбе» индустриалдық аймағында орналасқан, жарақат алудың алдын алатын балаларға арналған, спорттық жəне өзге де жабындылар шығаратын «TALAN Technology» ЖШС болды. Кəсіпорынның өндірістік қуаты - жылына 45 мың шаршы метр тақтайшаларды құрайды. Сынақ жүзінде іске қосу аясында қаңтар-мамыр айлары аралығында құны 1 млрд теңгедей болатын 588 тонна резеңке үгінділері өндіріліп, 35 адам жұмысқа орналастырылды.

Облыс әкімі «TALAN Technology» ЖШС басшылығына ірі жобаны жүзеге асырғаны үшін алғыс айтты.

- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында өңірімізде кіші және орта бизнес белсенді дамуда. Алдымызда тұрған негізгі тапсырма – өткен жылы 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды бастаған «Ақтөбе» индустриалдық аймағын игеру. Елорда күні қарсаңында алғашқы кәсіпорынды іске қосуымыз қуантады. «TALAN Technology» өнімдері облыс орталығының спорт алаңдарында қолданылуда, сондықтан оған деген қажеттілік тек артады деп айлаймын. Біз өз тарапымыздан компанияны әрі қарай қолдайтын боламыз,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, индустриялық аймақта əйнек жуатын сұйықтық, антифриз жəне пластик өнімдерін шығаратын «АктобеTOPSA Пласт" ЖШС зауыты пайдалануға берілді. Өндірістік қуаты - жылына 2 мың тонна. Келешекте мұнда химиялық реагенттер, цемент ерітіндісі мен бетондар үшін аязға қарсы қоспа және пластик канистр өндірісін игеру жоспарлануда. Іске қосылып тұрған "Каспий плюс" ЖШС кəсіпорнында металл өңдеу желісі кеңейтілді. Қазақстан аумағында теңдесі жоқ бірегей кəсіпорын мемлекет басшысының импортты алмастыру бойынша тапмырмасын жүзеге асыру аясында тау-кен жəне кен игеру өнеркəсібі үшін бекіту өнімдерінінің бірнеше түрін шығарумен айналысады. Зауытта алдыңғы қатарлы инновациялық технология пайдаланылады. Барлық өнім жергілікті мазмұндағы жоғары үлесі бар СТ-KZ сəйкестендіру сертификатына ие.

Сонымен қатар, Астана күні Мәртөк ауданының Қазан ауылына газ берілді. Елді мекенді газдандыру үшін 134 млн теңге бөлінді. 520-дан астам адам тұратын 135 үй мен орта мектеп көгілдір отынмен қамтылған болса, сол ауданның Аққұдық ауылдық округіне қарасты Достық ауылында 40 орындық «Аслан Әли» балабақшасы өз есігін айқара ашты. Оның ерекшелігі – балалар үш тұғырлы тіл қағидасы бойынша оқытылатын болады, ал мектепке дейінгі мекемелерге балалар тегін барады.

Құны 170 млн теңгені құрайтын жаңа жоба Әлжан диірмен комбинатында өнімділігі сағатына 200 келі болатын жайма және кеспе ұлттық тағамдарын шығаратын «Italpast» итальян өндірушісінің кешенді желісі пайдалануға берілді.

Темір Құсайын, 

"Егемен Қазақстан"

Ақтөбе облысы